ҮЗДІК ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ

Шара мақсаты – әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің мәртебесін арттырып, аталған саладағы ең озық тәжірибені анықтау. Байқау «Зейнетақы жүйесінің үздік қызметкері», «Әлеуметтік сақтандыру жүйесінің үздік қызметкері», «Үздік әлеуметтік қызметкер», «Медициналық-әлеуметтік мекеменің үздік қызметкері», «Үздік әлеуметтік үкіметтік емес ұйым», «Жұмыспен қамту орталығының үздік қызметкері», «Әлеуметтік саланың үздік ұйымдастырушы-менеджері», «Медициналық-әлеуметтік сараптаманың үздік қызметкері» және «Үздік мемлекеттік еңбек инспекторы» атты тоғыз аталым бойынша екі кезеңде өтеді.
Бірінші кезең (аймақтық) ағымдағы жылдың 1 мамыр мен 31 тамыз аралығында өтсе, екіншісі ақтық кезең 1 қыркүйек пен 20 қазан аралығында өтеді.
Жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттау 2017 жылдың 27 қазанда Астана қаласында ұйымдастырылады.
Байқауға талаптары туралы толық ақпаратты облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жұмыспен қамтуды үйлестіру мен әлеуметтік бағдарламалар басқармаларынан алуға болады.
Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылдың 20 қазанындағы Елбасы Жарлығымен бекітілген ҚР Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні жаңа кәсіби мерекелердің қатарынан саналады. Ол қазан айының соңғы жексенбісінде аталып өтеді.