ЖАЛАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ – 2017» СПАРТАКИАДАСЫ ӨТІП ЖАТЫР
Бүгін Жалағаш ауданында ауыл спортшыларының ХХХІ «Алтын күз – 2017» облыстық спартакиадасы басталды.
Сайыс спорттың 15 түрінен волейбол, футбол, баскетбол, гандбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, гір спорты, қол күрес, үстел тениисі және президенттік көпсайыс бойынша өтуде. Бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін дамыту, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, ауыл спортшыларының рухын көтеру, Елбасы жолдауынан туындайтын шараларды іске асыру мақсатындағы облыстық «Алтын күз – 2017» спартакиадасының ашылуы кенттегі орталық стадионда өтті. Салтанатты шарада «Алтын күз» бейнесіндегі өнерпаз спортшылардың жетістігін көрсететін кубок әкелінді. Және спортшылардың мерекелік шеруі өтті. Шеруге дүбірлі жарыстарда ел мерейін үстем еткен ауданның ардагер спортшылары, жас спортшылар, №13 Олимпиадалық резервті мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің шәкірттері, «Наркескен» спорт клубының спортшылары, Мәдениет ауылындағы №14 спорт мектебінің спортшылары, көкпаршылар, велошабандоздар, сонымен қатар, жарысқа қатысушы облыстың 7 ауданының командалары шеруді жалғады. Шеру соңында «Алтын күз» спартакиадасының Туын аудан спортының дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген спорт ардагерлері, Қазақстан Республикасының спорт шеберлері алып шықты.
Облыстық «Алтын күз – 2017» спартакиадасын аудан әкімі Т.Дүйсебаев ашып, 15 спорттық ойын түрлерінен ауыл шаруашылық спарткиадасына қатысушы мыңнан астам спортшыларды бүгінгі мерекесімен құттықтап, спортшыларымыз өз өнерлерімен ел мәртебесін көтере берсін деген ізгі лебізін білдірді. Жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тілеп, спартакиаданы ашық деп жариялады. Бұдан кейін әуелете Әнұран шырқалып, спорттық алау жағылды. Спартакиадада жас спортшылар өз өнерлерін ортаға салса, аудандық «Алтын-арай» халық ән-би ансамблінің өнерпаздары өнер көрсетті.