ЕГІНЖАЙДА ҚЫЗУ ЕҢБЕК
«Еңбек Қызыл Ту» орденді Шіркейлі ауылында аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі – «Мәді-Қажы» ЖШС біраз жылдан бері ата кәсіппен айналысып, ауыл халқын жұмыспен қамтып отыр. Қазіргі таңда серіктестікте 230 ауыл тқрғыны нағыз еңбектің үлгісін көрсетуде. Үстіміздегі жылы шаруашылықты ұзақ жыл бойы басқарған Аппаз Камалатдин құрметті зейнет демалысына шығып, серіктестік басшылығына ауыл азаматы Сейіткамал Сұлтанов келген болатын. Жаңа басшы шаруашылықты маусымдық жұмыс қарсаңында қолға алып, қызу тірлікке араласып кетті. Ірі серіктестіктегі ілкімді істерді жалғастырып, үйлесімді жұмыстарды жандандыруда.
Биылғы жылы «Мәді-Қажы» ЖШС 2265 гектар жерге Сыр салысын еккен. Оның 244 гектар жеріне «янтарь» тұқымы себілсе, қалған жерге «Лидер» тұқымы орналастырылған. Аталмыш көлемдегі егістік танаптарында 3 бригада еңбек етуде. Қазіргі егін жинау науқанында жалпы 1850 гектар күріш орылса, 1600 гектар астық бастырылған. Осының нәтижесінде, 72 мыңнан аса алтын дән қамбаға түсіп, әзірге шаруашылық бойынша орташа көрсеткіш 51 центнерді құрап отыр.
Қырманда да қызу еңбек. Ал оның тазалық жұмыстарымен мұнда 30-дан аса жұмыскер екі ауысым бойынша айналысуда.