КУРСАНТТАР ТӘЖІРИБЕДЕН ӨТТІ
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті Көкшетау техникалық институтының 4-курс курсанттары Қызылорда облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің өрт сөндіру бөлімдерінде іс-тәжірибеден өтті. Тәжірибенің соңғы күні курсанттар өрт сөндірушілер қызметі туралы өз әсерімен бөлісті.
Курсант Арман Теңел №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне түсті және күнде таңертең ол кезекшілікке қарауыл бастығы ретінде тұрды. Бір айдың ішінде болашақ өрт сөндіруші институтта алған теориялық білімдерін іс жүзінде көрсетті. Ол өзінің осы мамандықты таңдағанына өкінбейді, әкесі Төребек Исмаиылов өрт сөндіруші, осы салада бөлімше командирі қызметін атқарды.
Курсанттар практикада гидранттарды тексеруді үйренді. Өрт сөндірушілердің жетекшілігімен олар жас жауынгердің дағдыларын, жабдықты күтіп, өрт-техникалық қару-жарақ пен жұмыс істеуді игерді.