ҚЫЗЫЛОРДАДА «НҰРЛЫ ЖЕР» АРҚЫЛЫ ПӘТЕРЛЕРГЕ ӨТІНІМ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛАДЫ
«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында тұрғын үй-жайларды Қызылорда қаласында баспанасы жоқ немесе үй жағдайын жақсартуға мұқтаж адамдарға сатып алу құқығымен жалға беру арқылы өткізілетіндігін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған компания мәліметінше, эконом санатындағы 5 қабатты тұрғын үй Қызылорда қаласының Жаппасбай батыр көшесіндегі 76 мекен жайда орналасқан. Пәтерлерді сатып алуға өтінімдер 27 қазан – 10 қараша аралығында «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ның www.fnsk.kz. веб-сайты арқылы қабылданады.
«Өтінімдер қабылдау басталатын мерзімде барлық тіркелген тұтынушылар пәтерді сатып алу құқығымен жалға алу арқылы сатып алуға өтінімдерді бір мезгілде жіберу мүмкіндігіне ие болады. Кезекк электрондық өтінімнің қабылданған уақыты бойынша автоматты түрде қалыптасады. Бұл ретте өтінім пәтердің белгілі бір үлгісіне беріледі. Өтінім берілгеннен кейін пәтердің таңдалған үлгісін өзгертуге мүмкіндік болмайды. Қызылорда қаласындағы тұрғын үй пәтерлерінің жайғасымымен және үйдің орналасқан жерімен www.fnsk.kz сайтында немесе 8 (7172) 91-90-70, Call Center 8-800-8000-111 телефондары арқылы жан-жақты танысуға болады», - делінген компания ақпаратында.
Таратылған ақпаратқа қарағанда, 2 бөлмелі 60,74 шаршы метрлік пәтерді 15 жылға жалға алатын болсаңыз айына 92 мың теңге төлеп тұрасыз. Ал 80,32 шаршы метрлік пәтердің жалдау құны 121 мың теңгеден сәл асады. Бұл ретте сатып алу құқығымен жалға беру шарты қысқа мерзімге, яғни (5, 7 немесе 10 жылға жасалған жағдайда, жалдау төлемі көбейтілетінін ескерген жөн.
Айта кетерлігі, тұрғын үйді сатып алу құқығымен жалға алушының соңғы 36 ай ішінде Қызылорда қаласында жылжымайтын мүлікпен жасалған, немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту бойынша мәмілелердің болмауы, яғни осы қалада отбасының әрбір мүшесіне 18 шаршы метрден кем бөлінген тұрғын үй-жайдың болуы, ай сайынғы жалдау төлемдерін төлеуге мүмкіндік беретін төлем қабілеттілігінің жеткілікті болуы шарт. Мұнан бөлек, өтінім беруші бағдарлама аясында «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ және «ҚР тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» АҚ шарттары бойынша «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасына қатыспаған болуы керек.
«Пәтерлерді сатып алуға мүдделі тұлғаларға www.fnsk.kz веб-сайтында тіркелу қажет екендігін ескертеміз. Аталған рәсімді өтінімдер қабылдау басталғанға дейін өткізу керек. Сайтта тіркелу үшін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) бар болуы міндетті. Тіркеу жөніндегі нұсқаулықпен www.fnsk.kz. сайтында танысуға болады», - деді компаниядан.