КЕН ИГЕРУГЕ КЕҢ ЖОЛ АШЫЛДЫ
Соңғы жылдары аймақта кен орындарын игеруге кең жол ашылды. Облыстағы "Баласауысқандық” және "Құрымсақ” кеніштері ванадий қорынан әлемдегі ірі бестікке кіреді. Осы орайда, облыс әкімі Қ.Көшербаевтың тапсырмасымен, пайдалы қазбаларды тиімді пайдалану мақсатында, металлургиялық кластер құру тұжырымдамасы әзірленді. Тұжырымдамаға сәйкес инновациялық-сервистік инфрақұрылым құру, сондай-ақ жаңа мыс, темір кен орындарында өндірістік қорларды айқындау жөнінде жұмыстар жүргізу болжанады. Қызылорда облысындағы металлургиялық кластерді негізгі екі бөлімге бөліп қарастыруға болады.
Бүгінгі күнде «Шалқия қорғасын-мырыш кен орнында қуаттылығы жылына 4 млн. тонналық кен байыту комбинаты құрылысы» жобасы жүзеге асырылуда. Атап өту қажет, бұл жоба - тау кен саласын дамытудың Жол картасына енген 3 "зәкірлі жобаның" бірі. Жобаны Еуропа қайта құру және даму банкі қаржыландырады. Аталған банк пен жоба бастамашысы арасында құны 350 млн. АҚШ долларын құрайтын тиісті келісімге қол қойылған. Кен байыту фабрикасын бір мезгілде жобалауды және салуды жүзеге асыратын бас мердігерді таңдау жұмыстары жүргізілуде. Комбинат бірінші кезеңде 2 млн тонна руда өңдесе, екінші кезеңде 4 млн тонна руда өңдейтін болады.
Металлургия саласындағы зәкірлі жобаның бірі – бұл "Баласауыскандык ванадий" кенішін игеру жобасы. Жоба бойынша қазір тәжірибелік өндіріс іске қосылып, қазақстандық метаванад өнімі шетелдерге жолдануда. Мысалы биылғы жылдың 8 айында "Фирма Балауса" ЖШС Тайваньға құны 253,35 млн. теңгені құрайтын 110 тонна метаванадат аммонийді экспорттады. Былтыр Лондонда үкіметаралық комиссия аясында қол қойылған екі жақты келісімге сәйкес, жыл соңына дейін ағылшын инвесторы - 4,8 млрд. теңге көлемінде жобаға инвестиция тартуды жоспарлаған.