РАМАЗАН ТАЙМАНОВТЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ ӨТТІ
Қызылорда облыстық телекоммуникациялар дирекциясында белгілі композитор, республикалық «Жас қанат», халықаралық «Азия дауысы» байқауларының жүлдегері, «Шапағат» медалінің иегері, ҚР еңбек сіңірген мәдени қайраткері Рамазан Таймановтың авторлық кеші өтті.
Кешке композитор Сәбит Қорабаев, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының өкілі Нұрсұлтан Аяпов пен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапхана қызметкерлері қатысты. Өз баяндауларында қонақтар осы шараның мемлекеттік тілді дәріптеу мен шығармашылықтың мәнін ұғындыру мақсатындағы маңыздылығын атап өтті.
Композитор Рамазан Тайманов қырықтан аса ән жазған. Соның ішінде «Қызылорда», «Қазақ қызы», «Қорқыт-қобыз» атты туындылары композиторды бүкіл республикаға танымал етті.
Дирекция өкілдері алдында шығармашылығы жайлы айтқан композитор кейбір танымал әндер тарихына тоқталды. Сонымен қатар, өнер өкілдеріне ортақ мәселелер жайлы пікірін айтты.
– Мен үшін тапсырыспен ән жазу қиын. Ондайда ойыңа әуен келмей қинайды. Ал еркін жазылған әндер өздігінен құйылып тұрады, – деді композитор.
Дирекция қызметкерлері Рамазан Таймановтың бірнеше әндерін орындады. Техникалық блок қызметкері Береке Жолдыбаев «Қазағым-ай» әнін орындап шықты, инженер Гүлизат Күздеубаеваның орындауындағы «Сын айтпашы» әніне тыңдармандар айрықша қошемет танытты.