ИНДУСТРИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ИГІЛІККЕ АЙНАЛДЫ
Елбасы "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты Жолдауында елді жаңғырту жөнінде міндет қойып, елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру туралы тапсырма берді. Соған орай, Үкімет алдына шикізаттық емес экспорт көлемін 2025 жылға қарай 2 есеге дейін арттыру міндетін белгіледі. Ал ол межеге қол жеткізу үшін басым салаларда бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамыту үшін индустрияландыруды жалғастыра беруге тиіспіз.
Осы ретте еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына Қызылорда облысы өзіндік үлес қосып келе жатқан аймақ екенін ерекше атап өтуге болады. Өткен жылдары аймақта Индустрияландыру картасы шеңберінде бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асқан болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс көлемінде индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында атқарылуда.
Бағдарлама аясында құны 610,1 млрд.теңгені құрайтын, іске қосылғанда 6,3 мың адамды жұмыспен қамтитын 25 жоба жүзеге асырылуда.
Жалпы алғанда, бағдарламаның бірінші бесжылдығы аясында 17 жоба іске қосылған болса, екінші бесжылдық аясында іске асырылатын 25 жобадан бүгінгі күні 3 жоба іске қосылды. Биылғы жылдың 8 айында Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған жобалар арқылы 13,3 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемінің 13,5 пайызды құрады.