ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ҚЫЗЫЛОРДА
Осы бағыттағы статистикалық мәліметтер 2014 жылы 264 пәтер берілгенін көрсетіп тұр. Ал келесі, яғни, 2015 жылы бұл көрсеткіш он еседен астам өсіп, баспаналы болған отбасылар қатары 2652-ге жеткен. Сондай-ақ, 2015 жылы көпқабатты 53 үй тапсырылса, өткен жылы 80 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді.
Соңғы үш жылда Қызылордада жалпы ауданы 376,3 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, 5 мыңға жуық жерлесіміз қоныс тойын тойлады.
Құрылыс тек облыс орталығында ғана қарқын алып тұрған жоқ, аудандарда да бұл бағытта байырқалы іс бар. Мысалы, Қазалы ауданының Әйтеке би кентінде 150 төсектік орталық аудандық аурухана салынуда. Құрылысы өткен жылы басталған нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, Арал қаласында 150 төсектік орталық аудандық аурухана құрылысы басталды. Қызылорда қаласында облыстық архив құрылысы жүргізіліп, жыл соңына пайдалануға беру көзделіп отыр.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 3 мектеп бой көтеруде. Үстіміздегі жылдың тамыз айында Жаңақорған ауданының Төменарық және Нәлібаев ауылдарында 300 орындық мектептер қолданысқа берілді. Мұнымен қоса республикалық бюджет қаржысы есебінен облыста Жаңақорған, Арал, Қазалы аудандарында 300 орындық 4 білім ошағының құрылысы басталды.
Қызылорда қаласындағы Жаппасбай батыр көшесіндегі және Титов ауданындағы 14 үйдің құрылысы аяқталып, қазіргі уақытта пәтерлерге тұрғындар қоныстануда.