ТЕАТРДАН БАҚЫТЫН ТАПҚАН ТАЛАНТ
Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Бақытбек Алпысбаев жетпістің төріне шығып отыр.
Бақытбек Алпысбаев 1947 жылы 20 қыркүйекте бұрынғы Тереңөзек, қазіргі Сырдария ауданында дүниеге келген. 6-сыныпты Асқар Тоқмағамбетов, сол кездегі ХVІІІ партсъезд ауылындағы мектепте бітірді. Одан кейін орта білімді 1961 жылы Юрий Гагарин ғарышқа ұшқаннан кейін Қызылорда қаласының орталығында ашылған Гагарин атындағы №1 қазақ мектеп-интернатында жалғастырды.
Мектеп-интернатты бітірген соң бозбала Бақытбек қиялына қанат байлап, Алатау асты. М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының студиясына оқуға түсіп, оны екі жылдан кейін бітірді. Студияны бітіргесін басқа түлектердің арасынан ерекше көзге түсіп үлгерген жігітке «театр анасы» атанған Сәбира Майқанова мен қазақ театры мен киносының корифейі Асанәлі Әшімов қолқа салды. Талантты ұлды академтеатрға алып қалғысы келді. Бірақ, әкесі қайтыс болғалы шешесіне қолғанат, жасы кіші інілеріне қамқор болып жүрген жас түлектің елге қайтудан басқа амалы жоқ еді.
Алғашқы ролі ойламаған жерден бұйырды. Актерлердің бірі ауырып қалып, «Айман-Шолпан» спектаклі тоқтап тұр екен. Келген бетте сондағы Арыстан батырдың ролін тапсырды. Өзі шынашақтай болса да, аяқастынан батырға айналып шыға келген сонда. Ал жиырма үш жасында Сәрсеков пен Жақыповтың «Бажалар мен балдыздар» деген комедиясындағы жасы алпысқа таяп қалған адамды ойнады.
– «Универмагтың» қойма меңгерушісі Жанай деген кейіпкерді Шәріп Мәрденов деген ағамыз ойнауы тиіс болатын. Оған дублер ретінде мені таңдап алды. Екеуміз де репетицияға бірдей қатысып жүрдік. Спектакльдің премьерасы өтетін кезде ол кісінің туысы қайтыс болып, аяқастынан жол жүріп кетті. Сөйтіп, сахнаға шал болып шықтым. Әйелімнің ролінде – Қазақстанның халық артисі Шолпан Бәкірова. Екеуміздің арамыз – қырық жас. Премьераны көрермен де, мамандар да жоғары бағалады, – дейді актер ағамыз.
1994-1996 жылдары Т.Жүргенов атындағы кино және театр институтының театр факультетін сырттай үздік дипломмен бітірді. Киелі қарашаңыраққа келгелі екі жүзден астам рольді сахнаға шығарды. Бақытбек ағаның ерекшелігі сол, роль таңдамайды. Әртүрлі жанрда ойнай алатын кең ауқымды артист. Образды ашуда талмай еңбектенеді.
Театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Актер өнері – екінің біріне қонбайтын ерекше бақыт. Ол өзгенің өмірін жаңғырту жолында жүріп, өз өміріне тауқымет тауып алатын күрделі кәсіп. Әрбір сахналық бейне – актердің перзенті. Сол перзентті бағып-қағып, сахнаға шығарғанша актер «ата-ананың» ролінде. Өнер адамының көңілі қай кезде болмасын, көктем күніне өте-мөте ұқсас келеді. Көктем бірде шуақты, бірде жауынды, бірде дауылды. Артист – кейде сыршыл, кейде жыршыл, кейде жарқын, кейде тұйық, кейде мұңды», – деген екен. Сол сияқты Бақытбек аға өзінің «перзенттерін» аяқтандырғанға дейін тыным таппайды.
Рольді құр жаттап алып сахнаға шығатындардың қатарынан емес. Кітапханаға барады, көп ізденеді. Кейіпкерін зерттейді, оның жанын түсінуге талпынады. Әлі күнге солай. Бірде Қалтай Мұхамеджановтың «Біз періштеміз бе?» пьесасындағы Табан есімді тергеушіні ойнады. Өзі – Сәкен Сейфуллиннің мұртын бір талдап жұлған адам. 1953 жылы Сталин қайтыс болып, Сәкендер ақталған кезде Табан өзін-өзі атып өлтіреді. Осындай тарихи образдарды дайындаған кезде көз майын тауысып кітап ақтарудан жалыққан емес.
Сахна саңлағы Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Оралбек Әбдімомынов, Тұрысжан Айнақұлов, Қазақстанның халық артистері Шолпан Бәкірова, Серік Шотықов, Жібек Бағысова секілді майталмандардан көп нәрсе үйренді. Олардан бөлек, Есмұхан Обаев, Төреш Тұңғышбаев, Тастан Өтебаев, Павел Ширшов, Жақып Әбілтаев, Жақып Омаров, Мұрат Ахманов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Маман Байсеркеновтермен қызметтес болды. Актер ретінде өсіп-жетілуіне, әсіресе, Қазақстанның халық артисі, марқұм Ерғали Оразымбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрдың көркемдік жеткшісі, режиссер Хұсейн Әмір-Темір өлшеусіз үлес қосты. Бақытбек аға сахнада Кәмила Әбжанова, Үмігүлсім Бегімова, Алмагүл Артықбаева, Зәлипа Төлепова, Бақытбек Темірбеков, Арай Көшімбаев, Ұғым Баймаханов секілді әріптестерімен бірге ойнағанда өзін еркін сезінетінін айтады.
Адам баласы өмірде екі нәрседен қателеспеу керек: бірі – жар, екіншісі – мамандық таңдаудан. Осы тұрғыдан алғанда ол өзін бақытты санайды. Өйткені, мамандығы арқылы өмірлік серігін тапты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, облыстық театрдың актрисасы Кәмила Әбжанова екеуі бүгінде екі ұл және алты немере тәрбиелеп отыр. Бақытбек ағаны театрдан бақытын тапқан жан деуге толық негіз бар. Оның жоғары деңгейлі шығармашылық еңбегі әрқашан еленіп жүр. 1990 жылы – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, 1998 жылы үздік актер атанды. Ширек ғасырға жуық уақыттан бері театрдың қоғамдық жұмысынан қол үзген емес. Он бес жылдай кәсіподақ ұйымын басқарды. 2004-2006 жылдар аралығында театрды басқарған кезде қызметкерлерді нақты іске жұмылдыра білді. Осы кезде өнер ұжымы Қостанай, Астана, Қазан, Алматы қалаларындағы театр фестивальдарына қатысып, олжалы оралды. Адал қызметі үшін 2005 жылы Президент Жарлығымен «Құрмет» орденін кеудесіне тақты.
Шеберлігі толысқан сахнагер ең басты құрмет – халықтың қошеметі деп біледі. Хас өнердің шебері оны әркез театрға келетін көрерменнің ыстық ықыласынан сезеді. Жап-жас болып театр табалдырығын аттап, елеулі еңбегімен, өнегелі өмірімен 70 жастың ауылына қадам басқан актер қазақ театр өнерінің дамуына әлі де үлес қоса беретініне сенеміз.
Назерке САНИЯЗОВА.