ТАЛАПТЫ ТҮЛЕКТІ ҚАНАТТАНДЫРҒАН ҚОЛДАУ
Соңғы жылдары Сыр түлектерінің шет мемлекеттерде білім алуы үйреншікті құбылысқа айналды. Олар ертең білігін осы елдің болашағы үшін жұмсамақ. Осындай түлектер үшін облыс әкімінің гранты да бөлінуде.
Облыс әкімі Қ.Е.Көшербаев пен Ресейдің алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындары арасындағы меморандум негізінде 62 түлек Мәскеу мен Санкт-Петербург университеттеріне қабылданды. Бүгінгі күні Ресей елінде 500-ге жуық сырбойылық түлек білім алуда.
Осындай қолдаудан Қазақстан Республикасының оқу орындарында аймақтың өңірге қажетті мамандықтар бойынша білім алатын жастар да сырт қалған емес. Соңғы 4 жыл қатарынан әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан мектеп бітірушілер Қызылорда облысы әкімінің грантына ие болды. Бұған дейін аталған грант негізінде 500 түлек оқыса, биыл 162 бала осы грантты иеленді.
Сондай-ақ, ҚР медициналық білім және ғылым ұйымдарында резидентура медицина кадрларын (гастроэнтеролог, офтальмолог, невропатолог, лор, неонатолог, эндокринолог, анестизиолог-реаниматолог, кардиолог, нефролог, окулист, ревматолог, лучевая диагностика) даярлауға 20 грант қаралды.
Аймақ басшысының мұндай қолдауы алған білімін елінің ертеңі үшін жұмсаймын деген талапты түлекті қанаттандыратыны анық.