ЖҰЛДЫЗАЙДЫҢ ЖҰЛДЫЗЫ ЖАНДЫ
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, қазақтың қара сөзінің қадірін қасиет тұтқан – айбынды Арал өңірі талай таланттарды түлеткен құтты мекен.
Осы өнерлі өлкемізден қанаттанған Жұлдызай Абдразақова жақында Тараз қаласында өткен Республикалық «Шарықта, шырқа, жас қыран» атты балалар мен жасөспірімдер арасындағы шығармашылық байқаудан оқ бойы озық келді.
Арнайы дарынды балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығына қолдау көрсету, оның ішінде ән-би, көркем сөз, бейнелеу өнері арқылы ұлттық өнерімізді қадірлеп, қастерлеуге, өнерлі балаларды тауып, оны насихаттау мақсатында «Балдәурен» дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткен байқау ағымдағы жылдың 30-қыркүйегі мен 1-қазан күндері таланттарды таңдаған болатын.
Айта кетейік, аталмыш байқауға аудан атынан көркем сөз жанры бойынша сынға түсіп, бас жүлдені жеңіп алған жерлесіміз Бекбауыл ауылындағы №65 орта мектептің оқушысы. Ал, «Үздік жетекші» номинациясына ие болған Жұлдызайдың жетекшісі Ләззат Сақтағанова осы мектептің қосымша білім беру педагогі.