ҚАЛАДА ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ АЙЛЫҒЫ ӨТІП ЖАТЫР
Биылғы 9 айда Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаментінің «112», «101» байланыс нөміріне өрт оқиғасы туралы 389 рет хабарлама түскен. Осы өрттің алдын-алу және болдырмау мақсатында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері облыс бойынша рейдтік іс-шараларды, үгіт-насихат жұмысын жүргізуді жалғастыруда
2 қазанда сағат 8 сағат 35 минутта «Жедел жәрдем» қызметінен Махамбет ауылының Амангелді көшесінің 29/2 үйдің тұрғындары көмір-қышқыл газынан уланғаны туралы хабарлама келіп түсті. Нәтижесінде отағасы екі баламен қалалық ауруханаға жетіп, дәрігерлердің қабылдауында болды. Дәрігерлердің айтуынша 2014 жылы және 2012 жылы туған балалардың жағдайлары тұрақты. Сондықтан үйіне қайтарылды. Ал анасы қалалық ауруханада емделуде.
Ал бүгін 8 сағат 40 минутта Қызылорда қаласы, Иіркөл жеке тұрғын үйдің пешінің ақауынан көмір қышқыл газына уланған 2017 жылы туылған сәби облыстық балалар ауруханасының педиатрия бөліміне жатқызылды.
Қыс түсе көбейіп кететін осындай оқиғалардың алдын-алу мақсатында Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті және «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері қала мен, Тасбөгет, Абай, Қарауылтөбе және Талсуат елді мекені көшелеріне үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Шара аясында 3165 тұрғын үй қамтылып, 4234 үнпарақ таратылды.