СЫРДАРИЯДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
Сырдария ауданында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында аудан әкімдігінің және «Мәді-Диуана қожа» қоғамдық қорының бірлесе ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру және діни сана» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Алқалы басқосуға аудан әкімі Ғанибек Қазантаев, «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері», филология ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Парламент Сенатының ІV және V шақырылым депутаты Әділ Ахметов, ҚР Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының директоры, ф.ғ.к., дінтанушы Айнұр Әбдірәсілқызы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, ф.ғ.к., абайтанушы ғалым Омар Жәлелұлы, зиялы қауым өкілдері, аудан ардагерлері, бөлім басшылары және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда аудан әкімі Ғанибек Қазантаев сөз сөйлеп, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған мақсаттардың ауданда жүзеге асу барысын баяндады. Мұнан кейін сөз алған Әділ Ахметов, Елбасының бағдарламалық мақаласындағы латын әліпбиіне көшу бастамасы жөнінде өз ойын білдірсе, Айнұр Әбдірәсілқызы діни сана туралы кеңінен сөз қозғады. Ал ҚР Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу талдау орталығы директорының орынбасары Тұрар Әбуов елдің бірлігі, діни тұтастық, жастарды жат ағымдардан сақтау жолдары жөнінде пайымды пікірлерін ортаға салды. Дәстүрдің негізі дінде жатқанын айтқан дінтанушы алмағайып заманда қазақ халқының берік ұстанымдарынан ажырап қалмау керектігіне назар аударды. Осылайша, дәстүр мен дін, рухани жаңғыру мен ұлттық әдет-ғұрыптарымен үйлесім тапқан республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жоғары деңгейде қорытындыланды.