БОЛАШАҚҚА ЖОЛДАМА БЕРЕР ЖОБА
«Нұр Отан» партиясы Қазалы аудандық филиалының мәжіліс залында "Жас Отан" Жастар қанаты партияның «Сәтті қадам» жобасы аясында «Жолың болсын, жас маман» атты ашық есік күнін ұйымдастырды.
Жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру түлектерін еӊбекке тартуды көздеген шарада "Нұр Отан" партиясы Қазалы аудандық филиалы төрағасыныӊ бірінші орынбасары Қасқырбек Мәмбетжан жоба жайлы тарата айтты.
Жоба бағыттарына жеке-жеке тоқталған ол биыл да партияның қамқорлығымен ата-анасыныӊ қамқорлығынсыз қалған жастармен қатар Ұлттық біріңғай тестілеуде шекті балл жинай алмаған және мүлдем қатыспаған түлектермен жұмыстар жалғасып, жоба аясында қайта оқу курстарынан өтуге, кәсіптік білім алуға, жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріліп отырғандығын ерекше атап өтті.
-Биылғы оқу жылында Қазалы ауданы бойынша 713 түлек мектеп бітірді. Оның 458-і ҰБТ-ға қатысып, 20-сы ғана шекті балл жинай алмаған болатын. Партия қолдауымен осы жиырма бала қайтадан өз бақтарын сынап, қазіргі таңда 20 түлектің 11 арнаулы колледждерде, 9-ы жоғары оқу орындарында білім алуда.Түрлі себептермен ҰБТ-ға қатыса аламаған 255 түлекпен тиісті жұмыстар жасалып жатыр,- деді партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
Сондай- ақ «Жас Отан» жастар қанатының Қазалы аудандық бөлімінің басшысы Еркін Құсан жоба арқылы болашаққа жолдама алатындарын айтып өтті.