КІШІ АРАЛДАН БАЛЫҚ АУЛАҒАН БРАКОНЬЕРЛЕР ҚОЛҒА ТҮСТІ
Экологиялық қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды ескерту, анықтау және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту мақсатында Арал аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлері мен Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары бірлесіп жүргізген рейдтік шолу жұмыстары барысында 287,4 кг. балық аулап, табиғатқа елеулі зиян келтірген 2 азамат құрықталды. Бұл туралы Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Атап айтқанда, 2017 жылғы 15 қыркүйекте Арал ауданы, Кіші Арал теңізінің күн шығыс жақ бетіндегі су жағалауында рұқсатсыз балық аулап жүрген 41 және 46 жастағы 2 азамат ұсталып, қайықтарынан жалпы салмағы 118 келі болатын көксерке, 24,5 келі сазан, 2,5 келі жайын, 37 келі табан, 103,5 келі болатын торта балығы анықталды. Тексеру барысында олардың 900 метрлік жіп аумен балық аулағандары белгілі болып, анықталған аулау құралдары тәркіленді.
Қазіргі таңда аталған дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 335-бабы 3-бөлігі 4-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеліп, тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.