ТАЛАБЫ ТАУДАЙ КӘСІПКЕР
Елбасы отандық өнімді қолдауға айрықша назар аударуда. Халыққа арнаған Жолдауында қазақстандық өнімнің сапасын арттырып, оның негізгі төрт қасиетінде атады. Олар: сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана біздің затымыз өтімді болып, сырттан бізді ешкім жарылқамайтыны айтылды.
Оған қоса, мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысамын деген ынталы азаматтарға көптеген қолдау көрсетілуде. Соның негізінде бағдарламалар арқылы қаржылай қолдау мен тегін кеңес беріліп, кәсіп ашамын деген ниетті жандар жұмысын жандандыруда. Осы тұста, айта кететіні, ел Үкіметі тарапынан «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» жобасы қолға алынғалы бері, көптеген жұмыссыз тұрғындар «екі қолға бір күрек» тауып, кәсібін бастауда. Алғашқыда бір ай бойы оқу курсына қатысып, кейін палата тарапынан бизнес-жобасын қорғайды. Бүгінде «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалы арқылы жүзеге асып жатқан жаңа жоба өз жемісін беруде. Соның бірі, бір айлық оқу курсынан тәлім алған жаңақорғандық Жанболат Бекарыстан өзінің бизнес-жоспарын қорғап шығып, 3 миллион теңге несиеге қол жеткізді.
– Өзім сәуір айында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы ұйымдастырған алғашқы «Бастау Бизнес» бір айлық оқу курсына қатыстым. Жалпы бизнес жайлы көптеген ақпарат алып, кәсіпті қалай бастау керектігі жөнінде үйрендім. Оқып қана қоймай, ойға алған жобамды қорғауға мүмкіндік туды. Орталықтағы мамандар бизнес-жоспарымды жасап берді. Ары қарай кәсіпкерлік палатасының қолдауымен «Өңірлік инвестициялық орталық» арқылы жобама қаржылай қолдау таптым. Яғни, 5,8 пайызбен жеңілдетілген несиеге қол жеткіздім. Шүкір, қазіргі таңда ол қаржыға шлакоблок құятын аппарат, еуроқұрылғы, миксер секілді заманауи жабдықтарды алып, кәсібімді бастап кеттім, – дейді Жанболат Ақарыстанұлы.
Өзімен қоса, 2 адамды жұмыспен қамтып отырған жас кәсіпкердің бизнестің бұл түріне тоқталуының себебі бар. Өйткені, бүгінгі қоғамда бұл өнімге сұраныс жоғары. Ауданда құрылыс саласы жақсы дамып келеді. Оған қоса, құрылыс индустриясы – қашаннан да экономиканың негізгі іргетасы екендігі айқын. Соңғы жылдары ауданда бұл саладағы жұмыстар жоғары қарқынмен жүргізіліп келеді. Сала қарқынды дамыған аймақта жалпы экономиканың барлық саласындағы кәсіпкерліктің де өркен жайып отырғанын аңғаруға болады. Өз кезегінде құрылысқа қажетті қабырғалы блокты шығаруды қолға алған Жанболат Бекарыстан тұрғындардың талғамына сай сапалы өнімді нарыққа шығаруда.
Иә, Елбасы Жолдауында: «шағын бизнес – ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс» делінген. Осы ұстанымды берік ұстанған Жанболат Ақарыстанұлы отбаслық кәсіпті дамыта отырып, келешекте кәсібін шығарып жатқан өнім көлемін кеңейтпек ниетте.
Әбдісамат ӘБДІШ.