ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ МЕМЛЕКЕТТЕН АЛҒАН НЕСИЕГЕ КӘСІБІН ДӨҢГЕЛЕТТІ
Арал теңізі аймағында «Нәтижелі жұмыспен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» қарқынды іске асырылып келеді. Жеделдетілген кәсіптік білім беру орталықтарында мыңнан аса адам оқыған. Кәсіпкерлермен айналысатын қызылордалықтардың қатары да артып отыр. Бағдарлама басталғалы бері облыстың 152 тұрғыны өз ісін ашты. Жобалардың басым бөлігі мал шаруашылығы саласында жүзеге асқан, деп хабарлайды 24.kz телеарнасы.
Солардың бірі Сапура Давлатова таңғы бестен тұрып, тіршілікке араласады. Сиыр сауып, сүт тартып, малға шөп салып, қора тазалау - көп алалы ананың күндегі жұмысы. Бұндай тәртіпке Ақсуат ауылының тұрғыны әбден үйренген. Өйткені алты жыл бойы жұмыссыз отырған ана өз фермасын ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр.
- 4 млн теңге алып, 20 баспен жұмысты бастап жатырмын. Соны көбейтіп, жүз басқа дейін жеткізсем деймін. Келешекте отбасылық бизнес есебінде ашқым келіп тұр. Қазір бір орын жұмысшы қабылдап отырмын. Бірақ бір айдың ішінде, табыс жақсы. 4-5 малға дейін сойып, етін өткізуге болады. Кеше ғана өткізіп, қайтадан орнына мал алдық,– дейді ол.
Қазір бүкіл отбасы шаруа қожалығында жұмыс істейді. Сапура Давлатова болашақта мал басын көбейтіп, сүт өнімдерін шығаруды жоспарлап отыр. Қазір кәсіп ашып, оны кеңейтуге барлық мүмкіндік жасалған. Мамандар осылай дейді.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлмира Рахметова азаматтар тарапынан бағдарламаға сұраныстың көптеп түсіп жатұанын айтады. Басқа мамандықты игеруге қайта даярлау курстарынан өтуге ниет білдіргендердің де қатары өскен.
Облыс бойынша 152 адам бағдарламаға қатысып, өз кәсібін ашты. Бағдарлама аясында 1379 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтылады. Сондай-ақ 1515 жұмысшы маманды колледждер дайындайды.