ПАРТИСИПАТИВТІК ТӘРТІППЕН АЗАМАТТЫҚ ІС ҚАРАЛДЫ
Жаңақорған аудандық сотында талап қоюшы М-ның жауапкер Ж-дан 350 000 теңге берешекті, мемлекеттік бажға төленген 3 500 теңгені, барлығы 353 500 теңге өндіруді немесе кепілге қойылған МТЗ-80 тракторын алып беруді сұраған талап қою арызы бойынша қозғалған азаматтық іс қаралды.
Істі қарау барысында тараптар 2017 жылғы 27 қыркүйекте дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасағандарын көрсетіп, соттан аталған келісімді бекітуді сұраған.
Қазақстан Республикасы АПК-нің 277-бабының 6) тармағының талабына сәйкес тараптар дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасса және сот оны бекітсе сот іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.
Жаңақорған аудандық сотының ұйғарымымен талап қоюшы М-ның жауапкер Ж-дан барлығы 353 500 теңге өндіруді немесе кепілге қойылған МТЗ-80 тракторын алып беруді сұраған талап қою арызы бойынша тараптар дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім бекітіліп, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды.Төленген баж сомасы талап қоюшыға қайтарылды.
Ұйғарым заңды күшіне енген жоқ.