ҚЫЗЫЛОРДАДА МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУ БАРЫСЫ БОЙЫНША ПАРТИЯЛЫҚ ТЫҢДАУ ӨТТІ
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының аймақта жүзеге асырылуы туралы партиялық тыңдау өтті.
Отырысқа облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттары, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы мен мүшелері, білім, ғылым саласының өкілдері және партия ардагерлері мен белсенділері қатысты.
Аталған шараға төрағалық еткен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев алдымен білім беру мен ғылымның сапасын арттыру Елбасы саясатының ең маңызды бағыттарының бірі екендігін атап өтті.
- «Нұр Отан» партиясы Партияның Сайлауалды бағдарламасында білім беру жүйесін бес сатыға бөліп, оны жүзеге асыру арқылы 2021 жылға қарай білім беру жүйесін толықтай еңбек нарығының мұқтаждықтарына, бәсекеге қабілетті білікті кадрларды даярлауды көздеп отыр. Білім мен ғылымның дамуы – мемлекеттің гүлденіп-көркеюінің негізі. Сондықтан Еліміздің басты саяси күші ретінде «Нұр Отан» партиясы бұл маңызды мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылу барысын онан әрі қатаң бақылауда ұстайтын болады, - деді ол.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Бердәулетов баяндады.
Облыста білім беру саласын қаржыландыру жыл сайын өсіп келеді. Сала бюджеті 2015 жылы 63,9 млрд. теңгені құраған болса, 2016 жылы ол 70 млрд. теңгеге жетіп, 2017 жылы білім беру саласының қаржысы 2013 жылмен салыстырғанда 2 есеге өсіп, 89,3 млрд. теңгені құраған.
Облыстағы жалпы білім беретін орта мектептегі оқушылар контингенті жаңа оқу жылында 6 мыңға дейін көбейген. Жаңа оқу жылының қарсаңында Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарындағы апаттық жағдайдағы 11 мектептің құрылысы жергілікті бюджет есебінен, Жаңақорған ауданында 300 орындық 2 мектеп құрылысы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қайта салынып, пайдалануға берілген.
- Соңғы жылдары облыстағы мектеп құрылысының қарқынды жүргізілуі мектептердегі оқушы орнының тапшылығын азайтып, оқу процесін екі ауысымнан асырмай жүргізуге толық мүмкіндік беріп отыр,– деді білім басқармасы басшысының орынбасары.
Жиын барысында саланы жетілдіруге байланысты ұсыныстар ортаға салынып, тиісті шешімдер қабылданды.Сондай-ақ білім саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар партия белсенділері алғыс хаттармен марапатталды.