ТЕГІН ТАСЫМАЛҒА ТҰРҒЫНДАР РИЗА
Жаңақорған кентіндегі «МАИ бекеті» мен «Саяжай» мөлтек ауданында тұрғындары үшін балалардың мектепке қатынауы күрделі мәселенің бірі болған еді. Биылғы оқу жылынан бастап арнайы автобус балаларды тегін тасымалдауға көшті. Бұл туралы аудандық «Жаңақорған тынысы» газеті жазып отыр.
– Мемлекет алдына қойған негізгі міндеттердің бірі – жоғары сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуге барлық халықтың бірдей қол жеткізуі. Кент әкімі аппараты арқылы қазіргі күнге төрт қызмет түрі көрсетіледі. Соның бірі – «Шалғайдағы, ауылдық елді мекендерде тұратын балаларды білім беру ұйымдарына және кері қарай үйлеріне тегін тасымалдауды ұсыну» қызметі. Бүгінде кенттегі Май бекеті және Саяжай ықшам аудандарынан қатынап оқитын оқушылар тасымалы ұйымдастырылып, екі жолаушы тасымалдайтын автокөлік қызмет етуде. Жыл сайын тендер жарияланып, жеке кәсіпкер Әбдіхан Шайыхов жеңіп алып, ел игілігі жолында игі іс атқарады, – деді кент әкімі.
Биылғы оқу жылында тегін тасымалдауды қажет ететін 485 баланың барлығы тасымалдау қызметіне ілігіпті. Екі ауысым бойыншы оқушылар №110, 163 және 125 білім ордасында оқиды. Бұрын балалар үшін алаңдайтын ата-аналар енді осы түйіннің шешілгеніне қуанышты.
– Әрине, өте қуаныштымыз. Бір айта кетерлігі біздің ауданда көбі жас отбасылар тұрады. Олар уайымсыз жұмыс жасауларына болады. Осындай бастама көтеріп, жағдай жасап жатқан ел ағаларына алғысымыз шексіз, – деді МАИ бекеті тұрғыны Ақзәуреш Накипова.
Комментарии 1