ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІНІҢ ЖОБАСЫ КЕҢІНЕН ТАЛҚЫЛАНУДА
Ұлттық экономика министрлігі салалық министрліктермен, «Атамекен» палатасымен бірлесіп, бизнес қауымдастықтың пікірін ескере отырып әзірлеген Салық кодексінің жобасы кеңінен талқылануда. Бұл туралы Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ең маңыздысы, жаңа Кодекс салық салу идеологиясын өзгереді, салық төлеушілерді қорғауға, экономиканың маңызды салаларын ынталандыруға, әкімшілік қызметті жеңілдетуге бағытталған. Мақсат - жұртшылықтың салықты өз бетінше төлеуге ынталандыру.
Барлық түсініксіз баптар мен қателер салық төлеушінің пайдасына шешілетін болады. Бұл салықтық дауларды әділ қарауға мүмкіндік бермек. Екіншіден, егер салықтөлеуші салық органының түсіндіруіне сәйкес әрекет етсе, бірақ кейін ұстаным өзгерген болса, айыппұлдар мен өсімпұлдарды қолданбау ұсынылады. Үшіншіден, салықтық тексеру актілерінде тиісті негіздемелердің болуы көзделген. Тағы бір ерекшелік – Салық кодексінің құрылымы өзгереді. Салық төлеушінің ерекшелігіне қарай жекелеген бөлімдер болады.
Жаңа жобада шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолданыстағы арнайы салық режімдері сақталған. Ал жаңадан ұсынылған баламалы режім - айналымы үлкен болса да, табысы аз кәсіпкерлер үшін тиімді болмақ. Сонымен қатар шығыстарды есепке алу арқылы жеңілдіктер беру қарастырылған. Министрліктің ресми хабарламасына сүйенсек, қазіргі салық түрлерінің ставкалары сақталады. Тек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге байланысты бизнеске қаржылық жүктемені арттырмау үшін әлеуметтік салықтың мөлшерлемесін 11 пайыздан 9,5 пайызға дейін төмендету ұсынылған.
Заңға жеке кәсіпкерлікті тіркеу туралы да бірқатар өзгерістер енгізілген. Енді азаматтар кәсіп бастауы үшін тіркелуі міндетті емес. Тек кәсіп бастағаны туралы салық органына ескертіп хабарландыру жібереді. Кәсіпті қайта тіркеушілер де солай. Хабарламаны алған салық қызметкерлері бір жұмыс күнінде кәсіпті қайта тіркейді.
Ал салықты патент бойынша төлейтін адамдар патентті алған күннен бастап түскен табыстары сол патенттің құнынан аз болса, соның есебін беріп, салық мөлшерін азайтуына, сондай-ақ бұрын төлеп келген артық ақшасын қайтару туралы өтініш жазуына болады. Бұрын осындай артық ақшаны қайтару үшін хронометражды зерттеу жүргізілетін еді. Қазір оны салық төлеушілердің жұмысын жеңілдету үшін алып тастаған.
Жаңа жоба бойынша жеке тұлғалардың несие бойынша қарыздарын кешірген кезде жеке табыс салығынан босату ұсынылады. Сондай-ақ, банктер проблемалық активтерді коллекторларға берген кезде салық салу іс жүзінде табыс алынғаннан кейін жүзеге асырылады. Жинақтаушы сақтандыруға жеке табыс салығын салу тәртібін өзгерту ұсынылады.
Салық төлеушілерге жер және мүлік салығын бір жыл кейінге қалдырып төлеуіне рұқсат берілді. Осылайша, азаматтарға салықтарын есептеп, төлеуге бір жыл уақыт беріледі. Әскери қызметтегі, оқу кезеңіндегі әскери қызметкерлер мүліктік салықтан босатылмайды. Үшінші топтағы мүгедектер биылғы жылдан бастап меншігіндегі барлық мүліктің жалпы құнынан 1500 АЕК еселенген мөлшері шегінде мүлік салығынан босатылды. Ал, егер мүгедек жандар жылжымайтын мүліктерін жалға берсе, басқа адамдар секілді салық төлеуге міндеттеледі.
Жаңа заң жобасы бойынша тағы бір ерекшелік – енді салықтың төленгенін немесе төленбегені туралы ақпарат электронды пошта немесе СМС-хабарлама арқылы жіберілетін болады.
Салық кодексі жобасының нормаларын түсіндіру жөнінде Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарының салық төлеушілері үшін семинар 2017 жылдың 6 қазаны күні Шымкент қаласында Ж.Шанин атындағы драма театр ғимаратында ұйымдастырылады.
Кодекс жобасын ҚР Ұлттық экономика министрлігінің сайтынан мына сілтеме бойынша көруге болады: http://economy.gov.kz/ru/kategorii/novyy-nalogovyy-kodeks