Н. НЫҒМАТУЛИН ЖАПОНИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІН ҚАБЫЛДАДЫ
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Итиро Кавабатаны қабылдады.
Қос тараптың алғашқы ресми кездесуінде екіжақты қарым-қатынасты одан әрі тереңдетудің өзекті мәселелері талқыланды.
Тараптар биыл екі ел арасында дипломатиялық байланыстың орнағанына 25 жыл толғанына айрықша назар аудара келіп, осы уақыттар ішінде жеткен жетістіктерді одан әрі еселей түсудің маңыздылығына назар аударды.
Н. Нығматулин атап өткендей, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэ арасындағы достық қатынастың арқасында екі ел арасындағы ынтымақтастық бүгінгі күні барлық салада кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті. Сонымен бірге, біздің елдеріміз ядролық қарусыздану және таратпау, атом энергиясын бейбіт мақсатқа пайдалану, тұрақты даму бағытында өте жақын серіктестер.
Мәжіліс Төрағасының пікірінше, екіжақты ынтымақтастықты дамытуда парламенттік дипломатияның өзіндік орны бар.
Осы ретте Мәжіліс Спикері біздің еліміз ең дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатын қойғанын, оған жетуде алдыңға қатарлы мемлекеттер тәжірибесінің маңыздылығын алға тарта келіп, бұл жолда 70 жылдық тарихы бар жапондық парламентаризмнің ықпалы айрықша екенін атап өтті.
Елші өз қызметінің былтыр Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығында басталып, биыл қос мемлекет арасындағы дипломатияның мерейтойлық маңызды кезеңімен жалғасып жатқанын, әрқашанда елдер арасындағы достық әрі әріптестік ықпалдастықты күшейтуге дайын екенін жеткізді.
Кездесу иелері ЭКСПО көрмесі төңірегіндегі қорытынды ой-пікірлерін де назардан тыс қалдырмады.