ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУДІ ҚОЛДАЙДЫ
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының желілік кестесіне сәйкес өткен Cырдария аудандық мәслихаттың партиялық депутаттық фракциясының отырысында қазақ алфавитін латын әліпбиіне көшіру кеңінен талқыланды. Талқылауға аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар өкілдері, педагогтар, жастар, БАҚ өкілдері және аудандық мәслихат аппараты қатысты.
Жиынды аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов ашып, күн тәртібінде тұрған мәселе туралы жан-жақты баяндады.
– Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтқан еді.
Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады,– деді Ержан Ертарғынұлы.
Талқылау барысында кент ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев аға ұрпақ өкілдері латын әліпбиін өткен ғасырдың 20-30 жылдары пайдаланғанын айтты. Ұлы жазушы М.Әуезовтың «Абай жолы» романының бірінші томы осы әліпбиде жазылғаны оған айғақ бола алады.
– Латын әліпбиі тілді шұбарландырудан сақтайды. Елбасының «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» атты мақаласында көрініс тапқан латын әліпбиіне көшу бұл заман талабы,– деді ардагер.
Сондай-ақ, талқылау барысында аудандық мүгедектер қоғамы төрағасының орынбасары Б.Жантүгелов, аудандық мәслихат депутаты Е.Жақып латын әліпбиіне көшу уақыт талабы екендігін айтты.