ҚАЛА ӘКІМІ Н.НӘЛІБАЕВ ҚАРТТАР КҮНІ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай салтанатты шара өтті.
Салтанатты шараға қала әкімі Н.Нәлібаев қатысып, қаламыздың қарияларын мерейлі мерекелерімен құттықтады.
Осы күндері дәстүр бойынша бүкіл әлемдік қауымдастық Халықаралық қарттар күнін атап өтеді.
Бұл мереке аға ұрпақтың қоғам өміріне қосқан үлесіне шынайы ризашылық білдіретін және ардагерлерге қамқорлық көрсететін күн болып табылады.
Қазіргі таңда қаламызда 27 мыңнан аса зейнеткер тұрады. Оның 2 мыңнан астамы еңбек майданының еңбеккерлері болса, 21 адам - Ұлы Отан соғысының ардагерлері.
Бүгінгі шараға осы қарияларымыздың ішінен әр салада жемісті еңбек еткен 250 ардагер қатысып, бірқатары қаламыздың әлеуметтік-экономикалық, әсіресе қоғамдық-саяси өмірінің дамуына қосқан орасан зор үлестері үшін қала әкімінің және облыстық ардагерлер кеңесінің алғыс хаттарымен марапатталса, қала әкімі барлық қатысушыларға мерекелік сыйлықтар табыстады.
- Біз «Қарты бар үйдің қазынасы бар»,- деген халық даналығымен сусындап, қашанда қартын құрметтеген, қариясын сыйлаған халықтың ұрпағымыз.
Сіздер бүгінгі күннің өзінде, зейнет жасында болсаңыздар да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, қариялық болмыстарыңызбен өз орталарыңыздың өнегесіне, жас ұрпақтың бағыт-бағдарына кеңес бере білулеріңізбен де қоғамның дұрыс дамуына зор үлес қосып отырсыздар.
Осы салтанатты сәтті пайдалана отырып, бүгінгі жастарға артқан сенімдеріңіз үшін, айтқан ақылдарыңыз бен үлгі болар өнегелі істеріңіз үшін шексіз алғысымызды айтып, Сіздердің алдарыңызда басымызды иіп, тағзым етеміз. Ұлт болып ынтымақтасуды, отанды сүюді, бірлік пен бауырмалдық сынды құнды қасиеттерді біз Сіздерден үйрендік. Тек мерекелерде ғана емес, Сіздерді әр күні қамқорлыққа алып, көмек көрсету - біздің перзенттік парызымыз, - деді қала әкімі Н.Нәлібаев.