«БАЙҚОҢЫР» КЕШЕНІ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРИСТІК КӨРМЕ ҚОНАҒЫ
Жуырда Мәскеу қаласындағы «Экспоцент» көрме залында 23-халықаралық туристік көрме өтті. Онда Байқоңыр қалалық мәдениет, жастар саясаты, туризм және спорт басқармасы мен «Байқоңыр космодромы тарихының музейі» мекемесі ғарыш айлағының өткенінен сыр шертетін жәдігерлер қойды, деп хабарлайды baikonuradm.ru.
«Байқоңыр» кешенінде туризмді дамыту мен мәдени әлеуетін арттыра түсу өткен жылы желтоқсанда Ресей Үкіметі басшысының орынбасары Д.Рогозин мен ҚР Премьер министрінің бірінші орынбасары А.Мамин бекітен ынтымақтастық бағыттарындағы Тұжырымдамада қарастырылғанын айта кетейік.
Тұжырымдамада туризм түрлерін дамытып, ғарышты аймаққа келетін туристер қатарын көбейтудің маңызы көрсетілген. Бұл бағытта музейлік-көрмелік нысандар құрып, жыл сайын космонавтика тарихы мен оның болашағын көрсететін шаралар, қонақүйлер салу арқылы туризм инфрақұрылымын дамыту, зымырандар старт алатын сәттерді тамашалайтын алаңдар салу талқыланған.
Мәскеудегі форумда байқоңырлықтар сөресіне қызығушылар көп болды. Шара аясында «Ғылыми-танымдық туризмнің жаңа мүмкіндіктері» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылып, онда кешеннің туристік потенциалы жайлы кеңінен айтылды.