ҒАРЫШҚА ҚАЗАҚ ҰШҚАН КҮН
Қазанның 2 жұлдызы қазақ халқы үшін айтулы сәт, 1991 жылы тап осы күні тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты. Жалпы, адамзат баласының Айға ұшуы қазақ жерінен, Байқоңырдан бастау алғанымен, араға 30 жыл салып қазақ ұлының көкке көтерілуі ел рухын асқақтатқаны ақиқат. Ел тәуелсіздігін алардың алдындағы елең-алаң уақытта осындай айтулы оқиғаның болуы кездейсоқтық емес. Мұның артында біз біле бермейтін қаншама келіссөздер, тыңғылықты дайындық жұмыстары жатыр.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы» кітабында Тәуелсіздік тарихы Қазақстанның ғарышкерлік тарихынан басталатынын айтқан. Үшінші ғарышкеріміз Айдын Айымбетовті марапаттау рәсімінде «Біз 1991 жылы тамызда Байқоңыр ғарыш айлағын Қазақстанның меншігіне алдық. Қазан айында алғашқы қазақ ғарышқа аттанды. Небәрі 2 айдан соң желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялады. Халық бұл оқиғаны тәуелсіздігіміздің ғарыш кеңістігіндей шексіз, мәңгілік болуы деп бағалады. Расында да, еліміз аз ғана жылда гүлденген, қуатты ғарыштық мемлекетке айналды» деп ағынан жарылған болатын.
Ғарышқа ұшуды қиял жетегіне берілген кез келген жан армандағанмен, оған үміткердің жеке психологиялық және физикалық дайындығымен қоса, мақсатты бағдарламасы болуы шарт. Әрине, саяхатшы ретінде ғарышқа ұшу қазіргі кезде ешкімге таңсық емес, ал қоғамға, адамзат баласына пайдалы іс тындырып қайту үшін де үлкен ғылыми ізденіс пен ыждағаттылық қажет. Біздің елден ғарышқа ұшқан үш азаматымыз да бұл жағынан қазақ халқын жерге қаратқан жоқ, қайта ғылыми еңбектері арқылы еліміздің мерейін үстем етіп, күллі адамзат баласына пайдалы іс тындырып қайтты.
Тұңғыш ғарышкеріміз «СоюзТМ-13» кемесімен көкке ұшты. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу үдерісі, сол зиянды аэрозолдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Ол ғарышта 7 күн 22 сағат 12 минут болды.
Тоқтар Әубәкіров қазақтың ғана емес, күллі түркі халықтарының тұңғыш ғарышкері. 2001 жылы Түркия Ыстамбұл қаласында оған «Түріктің тұңғыш ғарышкері» атағын берді.