ДИАЛОГ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ
Қызылорда облыстық прокуратурасы «Мемлекеттік ұйымдардың заң бөлімшелері қызметтерінің тиімділігін арттыру мәселелері» тақырыбындағы дөңгелек үстел өткізілді.
Отырыста негізінен мемлекеттік сатып алу барысында туындайтын даулар жайы талқыланып, осы бағытта тәжірибелік кеңестер берілді.
Азаматтық істерді қарау кезінде мемлекеттік органдардың көптеген олқылықтары анықталады. Олардың арасында әсіресе міндеттемелерін тиісті дәрежеде орындамаған тұлғаларды мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап арыздарын кешіктіріп беру, олардан тұрақсыздық айыбын ұстап қалмай шарт сомасын толық аударып жіберу көптеп кездеседі.
Мысалы, Арал аудандық білім бөлімі мемлекеттік сатып алу туралы шартында тұрақсыздық айыбын ұстап қалу құқығы бекітілгеніне қарамастан, міндеттемесін 64 күнге кешіктіріп орындаған жеке кәсіпкер «Ш.И» шарттың сомасын (12,3 млн. теңге) толық аударып, бір ай өтпестен экономикалық сотқа 788 мың теңге көлемінде тұрақсыздық айыбын өндіру туралы талап арызбен жүгінген. Бұл тектес проблемалар жиі кездеседі.
Сонымен қатар, «Мемлекеттік сатып алу процесінде туындаған даулар бойынша заң қызметінің тиімділігін арттыру жөніндегі прокурордың 10 кеңесі» атты ықшамдалған брошюрасы жұмыста қолдану үшін дайындалып мемлекеттік органдарға таратылды.