«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ» АМАНГЕЛДІ КЕНЕНБАЕВ - СУРЕТШІ
Ол 1955 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Сұлутөбе ауылында дүнеге келді. Орта мектепті бітіргеннен кейін ол гидромелиоративтік техникумда оқыды, киномеханик болып жұмыс істеді, ауылдық мектепте сурет сабағынан мұғалім болды. 1978 жылы Қастеев атындағы Шымкент өнер училищесіне түсіп, 1982 жылы үздік бағамен бітірді. 1983 жылдан бастап туындылары облыстық, республикалық және шетелдік көрмелерге қойыла бастады. Өзі халықаралық пленэр және симпозиумдарға қатысты. Екімыңыншы жылы Қызылорда облысының әкімдігі стипендиясына ие болды. Бірқатар мүсіндік және монументалды объектілердің авторы. 2015 жылы АҚШ пен Жапонияда жеке көрмелері өткізілді.
Суретші туындыларында нақты сұлбаның өткір сезімі және бір сәтте этюд деңгейіндегі нақты бақылауды аса колоритті бояу тіліне аудару секілді екі арнаны біріктіреді. Жарқыл, жылтылдау, түрлі түсті дақтардың сиқырлы ауысуы секілді көпөлшемді болмыстың барлығы біртұтас кейіпке енеді. Күшейе келе, олар композицияның салтанатты және сәнді ырғағын жасайды; әлсіреген сайын, кеңістіктің тереңдігін анықтайды. Түстердің өткір жарқылы заттардың тұрпатын бейнелейді. Өзара үндесу және әрекеттесу арқылы түстік нюанстар қажетті атмосфераны және көңіл-күйді қалыптастырады. «Кененбаев» палитрасының ерекшелігі жылы және суық түстердің қарқынды жарқылында, күлгін ымырт ортасы үйлесімге және жұмсақтыққа толы. Суретші кештің аз мерзімді ымырт болмысын жақсы көреді және нәзік сезінеді, бұл кезде бейнелер күннің батуымен аздап еріген кейіп танытып, айналаны таңғажайып үнсіздік жайлайды.
Суреттер арман, естеліктер немесе мұралар сияқты. Кенептің бірінде жер, аспан, киіз үйдің күмбезі, әйел, ошақ, түйенің сұлбасы бейнеленеді. Ол келесі керепке де көшуі мүмкін. Бірақ, басқа түрге енеді, барынша құбылып, адам қиялын өзіне ілестіре кеткендей болады. Бұл пейзаждар емес, жанрлық көріністер де емес. Қайта, суретші білінбейтін бір нәрсені - ұлттық болмыстың қалпын бейнелеуді қалайды. Ол дала тұрмысын бейнелейді. Табиғи заңдылықтар мен ырғақтарға бағынған адамның өмірі қарапайым, әрі қалыпты. Адамзат өркениетімен бұзылмаған жерде адам - шексіз дала ғарышының кішкене бөлігі ғана. Бізден бұрын да солай болғаны секілді, бізден кейін де өзгеріссіз қала бермек.