АУЫЛ СПОРТШЫЛАРЫНЫҢ 31-ШІ «АЛТЫН КҮЗ» СПАРТАКИАДАСЫ ӨТЕДІ
Бесінші қазан күні Жалағаш ауданында ауыл спортшыларының XXXI «Алтын күз-2017» облыстық спартакиадасы басталады. Жарысқа облыстың 7 ауданынан 1000-нан аса спортшы қатысады.
Cайыс спорттың 15 түрінен волейбол, футбол, баскетбол, гандбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, гір спорты, қол күрес, үстел теннисі және президенттік көпсайыс бойынша өтеді.
Бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін дамыту, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, ауыл спортшыларының рухын көтеру, Елбасы жолдауынан туындайтын шараларды іске асыруды көздеген спартакиада үш кезеңнен тұрады.
Осыған дейін денешынықтыру клубтарындағы бұқаралық жарыстар, аудандық ойындар ұйымдастырылса, финалдық ойындар 5-8 қазан аралығында өтеді.
Жеңімпаздар мен жүлдегер командалар 8 қазан күні анықталады. Айта кетейік, былтырғы «Алтын күзде» Жаңақорған ауданының командасы спартакиада жеңімпазы атанған болатын.