ҰСТАЗ АТЫ БИІК ӘРІ МӘҢГІЛІК
1 қазан «Халықаралық қарттар» күні және ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай Қармақшы ауданының әкімі С.Мақашов ардагер ұстаздар мен білім саласында еселі еңбек етіп жүрген мұғалімдерді қабылдады. Салтанатты қабылдауда аудан әкімі ұстаздар қауымын мерейлі мерекелерімен құттықтап, аудан бойынша білім саласындағы жетістіктерге кеңінен тоқталды.
- Адам баласы көне заманнан бері жаңаны үйреніп, ғылымды игеріп, білімді тоқумен келеді. Қай кезеңде болмасын тәлім мен тәрбие беру ең ұлы мұрат болып есептелген. Ендеше, Мұғалімдер күні – орны бөлек, дәрежесі биік, ең ұлық та ұлағатты мереке. Сондықтан барша ұстаздар қауымы мен білім саласының ардагерлерін осынау мерейлі мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, ізгілік пен ұстамдылық, бақыт пен мол қуаныш тілеймін – деп, шәкірттерін білім нәрімен сусындатқан 6 ардагер ұстаздарға ерекше ілтипат көрсетсе, бірқатар ұстаздарға «Алғыс хат» пен бағалы сыйлықтар табыстады.
Ұстаздарға арналған жылы лебіздер, ізгі тілектер еселей түсіп, жыл сайын қоңыр күзде келетін ұстаздар мерекесі мерекелік ән шашумен жалғасты.