ОБЛЫСТЫҚ СОТТА ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қызылорда облыстық сотының төрағасы Қамбар Нұрышев облыс тұрғындары арасында қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруді насихаттайтын ақпараттық-насихаттық топ мүшелерімен кездесті.
Сондай-ақ, кездесуге облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Бақытжан Қалымбет, тілдерді оқытудың өңірлік орталығының директоры Нұрсәуле Мұсаева, қалалық мәслихаттың депутаты Мұрат Мұқтаров, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессорлары және судьялар қатысты.
Кездесуде облыстық соттың төрағасы Қ.Нұрышев қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі заман талабы екенін айтып, Елбасының «Бо¬ла¬шақ¬қа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айқындалған таяу жылдарда атқарылуға тиіс міндеттерге тоқталды.
Университет профессорлары Жеңіс Сәдуақасұлы, Аман Абасилов, Болат Боранбай өз баяндамаларында қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру негізі мен қолдануда тундайтын мәселелер және қазақ тарихындағы латын әліппесіне көшу тәжірибесіне тоқталды. Баяндамашылар латын графикасына өтуді келешегіміз үшін маңызды қадам екенін тілге тиек етті.
Филология ғылымдарының кандидаты Аман Абасилов ағымдағы жылдың 11 қыркүйегінде ұсынылған латын графикасына негізделген 25 таңбалы әліпбиі мен қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толығымен қамту үшін 8 дыбысты таңбалайтын 8 диграфты тарқатып айтып берді.
Тілдерді оқытудың өңірлік орталығының директоры Нұрсәуле Мұсаева алдағы уақытта ақпараттық-насихаттық топтың 10 мүшесі қала халқымен және барлық аудан орталықтарында тұрғындармен кездесіп, латын әліпбиіне көшудің артықшылықтары мен тиімділігі жайлы сөз қозғап, түсіндірме жұмыстарын жүргізетінін жеткізді.