ОБЛЫС ӘКІМІ ҰСТАЗДАРДЫ КӘСІБИ МЕРЕКЕЛЕРІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мұғалімдерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Елбасының қолдауы мен Сыр ұстаздары еңбегінің арқасында білім беруде қол жеткізген табыстарымыз аз емес. Қазіргі таңда үш ауысымды және апатты мектептер бізде жоқ. Мектепке дейінгі білім берумен 3-6 жас аралығындағы балаларды 100 пайыз қамтыдық. Білікті де білімді ұстаздардың тынбай ізденуінің арқасында шәкірттеріміз республикалық, халықаралық деңгейдегі білім бәсекелерінде алдыңғы қатардан көрініп жүр. Мектеп бітіруші түлектер алыс-жақын шет мемлекеттерде, Ресей Федерациясы және еліміздегі алдынғы қатарлы жоғарғы оқу орындары мен колледждеріне оқуға түсіп, білім алуда. Бүгінге дейін 400-ге жуық бала Ресейде білім алып жүрсе, биыл 62 түлек оқуға түсті. Сонымен бірге, биыл облыс әкімінің грантымен 162 бала жоғары оқу орнына, 20 бала резидентурада оқуға мүмкіндік алды. Осы жылы мектеп бітірген түлектердің 97 пайызы оқу орындарына түсті», - деді аймақ басшысы құттықтау сөзінде.
Аймағымыздың үздік педагогтарына ҚР Білім және ғылым министрлігі және облыс әкімінің марапаттары мен алғыс хаттары табысталды.
Осы күні, сондай-ақ, жаңашыл мұғалімдердің облыс әкімімен дәстүрлі кездесуі өтті.
Аймағымыздың 35 жаңашыл ұстазы өз жұмыстары туралы айтып, жоспарларымен бөлісті.
Өңір басшысы кездесуге келген ұстаздарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.