ЗАҢ ЖОБАСЫ АДВОКАТТЫҚ ҚЫЗМЕТТІ ЖҮЙЕЛЕЙ ТҮСЕДІ
Өңірлік коммуникациялық қызметте "Адвокаттық қызмет және заң көмегін көрсету туралы" Заң жобасын түсіндіруге арналған брифингте облыстық әділет департаментінің басшысы Қалдыбек Сапаров жобадағы адвокаттық қызметті жүйелеуге қатысты жаңалықтар туралы кеңінен айтып берді.
Оның айтуынша адвокат болу үшін жоғары біліммен қатар адвокаттар алқасында 6 айдан 1 жылға дейін тағылымдамадан өту қажет. Сондай-ақ, сотта өзгенің құқығын қорғауға талап білдіргендер түрлі аттестаттау сатысынан өтіп, мүшелік жарнапұлын төлеуі керек. Адвокаттар алқасында тағылымдамадан өту ақысы жылына 140-280 мың теңге аралығында болады.
– Жаңа заң жобасы бойынша адвокат мамандығының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында алғашқы мүшелікке кіру үшін төленетін жарнапұлды алып тастап, адвокаттар қатарын көбейту күтілуде. Сондай-ақ, қазіргі таңда жеке практикамен айналысатын заңгерлердің қызметі еш бір заңмен реттелмеген. Әрбір заңгер дипломы бар азамат тәжірибесіне қарамай сот істерінде өкіл ретінде қатысуда, яғни ол көмектің сапасына ешкім кепіл бермейді және жауапкершіліктері қарастырылмаған. Сондықтан заң жобасы жеке практикамен айналысатын заң кеңесшілерінің қызметін реттеуді мақсат етіп отыр, – деді департамент басшысы.