ШЕТЕЛДІК ФОЛЬКЛОРТАНУШЫЛАР ШЕБЕРЛІК КЛАСТАРЫН ӨТКІЗДІ
Сыр елінде үш жылда бір өткізілетін IV «Қорқыт және ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Музыкалық білім және дәстүрлі музыка өнері» кафедрасында шеберлік класы болып өтті. Шеберлік класына Л.В.Собинов атындағы Саратов мемлекеттік консерваториясының «Халық әндерін орындау және этномузыкатану» кафедрасының меңгерушісі, өнертану ғылымдарының докторы, профессор Александр Ярешко және осы оқу орнының профессоры, өнертану ғылымдарының докторы Алевтина Михаилова, Әзірбайжан мемлекеттік консерваториясының фольклортанушы, «кеманча» аспабын орындаушы Шахрир Мусаев, Қазан қаласынан келген баяншы Айдар Алиев, Қазақ ұлттық өнер университетінің өнертанушысы Елікбай Иса Қырғызбайұлы қатысты.
Профессор А.С. Ярешкомен өнертану ғылымдарының докторы А.Михаилова орыс ұлтының ертеден атадан балаға мирас болып келе жатқан хор өнерінің айтылуы, шығу тарихына және орыс ұлтының көне музыкалық аспаптарына тоқталды.
Фольклортанушы, баяншы Айдар Алиев пен «кеманча» аспабын орындаушы Шахрир Мусаев екеуі бірге шеберлік класын өткізді. Баян аспабымен кеманча аспабы қосылып құйқылжытып ойнағанда тамсанбаған адам қалмады. Әсіресе «Дәстүрлі музыкалық орындаушы» мамандығынын оқитын жастарға әсері мол болды.
Қазақ ұлттық өнер университетінің өнертанушысы Елікбай Иса Қырғызбайұлы жас жыраулармен кездесті. Бұл дәрісханада жыраулықтың қыр сырын меңгерген өнер қайраткері Руслан Ахметов модератор болды. Иса Қырғызбайұлы Арқаның, Жетісудің, Батыс Қазақстанның термелерін, жырларын орындап берсе, Сыр бойының жас жыраулары Сыр бойына тән Нартай, Жиенбай, Нұртуған мектебінің термелерін төкті.