ЖАҢА ЗАҢ ЖОБАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
ҚР Әділет министрлігі әзірлеген "Адвокаттық қызмет және заң көмегін көрсету туралы" ҚР заң жобасын түсіндіру бойынша Өңірлік коммуникация қызметінде баспасөз мәслихаты өтті. Оған Қызылорда облысының әділет департаментінің басшысы Қалдыбек Сапаров, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің құқықтану факультетінің аға оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты Ерлан Алтаев, Қазақстан заңгерлер Одағының мүшесі Қазыбай Құдайберген қатысты.
Қ.Сапаров өз баяндамасында жаңа заң жобасы заң қызметтерінің қол жетімділігі мен оның сапасын арттыруды, адвокатура институтын нығайтуды, оның ішінде адвокаттарға қойылатын талаптарды арттыруды көздейтінін жеткізді. Сонымен қатар, адвокаттардың кәсіби қызметінің жауапкершілігін сақтандыруды енгізу, заң қызметтерінің барлық кешенін реттеуді, азаматтардың жекелеген санаттарының заң қызметтерін ақысыз негізде көрсетуді көздейтін «pro bono» (қоғам игілігі үшін) принциптеріне заң қызметтері институтын кеңейтуді қарастырады.
– Заңмен көзделген жағдайларда заң көмегі тегін көрсетіледі. Республика бойынша жыл сайын бюджет есебінен тегін көмекті шамамен 150 мың адам алады. Бүгінде Республика бойынша адвокаттар саны 4500-ден астам болып тұр. Орташа есеп бойынша республика бойынша 1 адвокатқа 4000 азамат келеді. Италияда ол көрсеткіш 1 адвокатқа - 260 азаматты, Германияда - 500 азаматты және Ұлыбританияда 900 азаматты көрсетіп отыр,– деп атап көрсетті сала басшысы.