ЖАҢАҚОРҒАНДА БАТАГӨЙЛЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ
1 қазан - Қарттар күніне Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Көп жасаған қария - ақылы теңіз, дария» батагөйлер байқауы өтті.
Тәрбиелік мәні зор шараны аудан әкімі Ғалым Әміреев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зинабдин Шермағанбетов ашып берді.
Тартысты өткен байқауға ауданның құрметті азаматы Изатулла Нарзілдаев, "Жаңақорған тынысы" газеті бас редакторының орынбасары Баян Үсейнова, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын Файзулла Сахиевтер қазылық етті.
Батагөйлер сайысында бас жүлдені Жайылма ауылынан қатысқан Ұлжан Әбілқасымова жеңіп алса, бірінші орын өзгенттік Сүлеймен Жақудаевқа, екінші орын сүттіқұдықтық Нұрғазы Құрмышевқа бұйырды. Үшінші орынды түгіскендік Аққыз Тасаева иеленді.
Барлық қатысушылар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен М.Көкенов атындағы мәдениет үйі тағайындаған бағалы сыйлықтарға ие болды.