ҚЫЗЫЛОРДА МЕКТЕПТЕРІНДЕ ЖАРАТЫЛЫСТАНУ ПӘНДЕРІ АҒЫЛШЫНША ОҚЫТЫЛМАҚ
Қызылордада жаратылыстану бағытындағы пәндерді жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшуді көздейтін оқу бағдарламасы қолға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес жаратылыстану бағытындағы пәндерді жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңмен көшуді көздейтін бағдарламаны қолға алдық. Облыс бойынша жоғары сыныптарда математика, физика, информатика, химия, биология пәндерін ағылшын тілінде игеруді барлық мектептерде бірдей енгізілмейді. Бұл жүйеге арнайы іріктеуден өткен мектеп-лицейлер мен мектеп-гимназиялары кіретін болады, - деді облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев.
Өңірде 2015-2016 оқу жылы Назарбаев Зияткерлік мектептері мен «Білім-инновация» лицейлерінің тәжірибесінде білім беретін 46 инновациялық мектеп-лицейлер мен мектеп-гимназиялар қалыптастырылды. 2016-2017 оқу жылында аталған мектептердегі 320 лицей сыныптарындағы 7358 оқушыға ағылшын тілі пәні аптасына 5 сағат көлемінде оқытылып келген. Жаңа оқу жылында олар ағылшын тілінде пәндердің терминологиясын игеруге көшіп, келесі оқу жылынан бастап, 10-11 сыныптарда оқу пәнінің мазмұнын ағылшын тілін пайдаланып отырып, игеретін болады.
– Осы мақсатта 210 пән мұғалімдері арнайы тіл меңгеру курстарынан өтіп, әрбір сыныптағы оқу пәндерінің ағылшынша терминологиясын игеруге қажетті оқу құралдарын даярлау қолға алынды. Оқу жоспары бойынша лицей, гимназия сыныптарында аптасына 4 сағат көлемінде жаратылыстану, гуманитарлық бағыттағы пәндерді тереңдетіп оқыту және ғылым негіздері бойынша 1500 сағат көлемінде ғалымдардың дәрістерін тыңдау жүзеге асырылды, - деп атап өтті білім басқармасының басшысы Б. Сайлыбаев.
Облыстық білім бөлімінің басшысы бұл бағыттарда қордаланған мәселелердің да бар екендігін айтты. Мәселен, ағылшын тілін меңгеруде колледждер мен университеттерде кәсіби педагогикалық білімді 2 тілде қатар меңгерген білікті мамандарды даярлау мәселесі бүгінгі күні өзекті.
«Аталған мәселені шешу үшін 2015 жылдан бастап республикалық әдістемелік орталық болып табылатын М. Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінде «Білім-инновация» халықаралық қорының қолдауымен ағылшын тілін меңгерген негізгі мектептің математика, физика, информатика пәндерінің мұғалімдерін даярлау қолға алынды. Қажетті оқу-әдістемелік құралдары мен 2 тілді меңгерген мамандармен қамтамасыз етілді. Бүгінгі күні колледждің 3 курсында 225 студент осы бағдарлама бойынша білім алуда. 2018-2019 оқу жылы «Ағылшын тілін меңгерген пән мұғалімі» біліктілігін алған алғашқы 75 маман инновациялық мектептерде жұмыс жасайтын болады», - деп атап өтті Сайлыбаев.