ЕКІ МЫҢНАН АСТАМ ШИЕЛІЛІК ПАЛАТА ҚЫЗМЕТІНЕ ЖҮГІНДІ
Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының Шиелі аудандық филиалының директоры Рысбай Нысанханов аудан кәсіпкерлері алдындағы есепті кездесуінде айтты.
Филиал директорының айтуынша, осы жылдың 9 айында ауданда Кәсіпкерлерді қолдау орталығы мамандары тұрғындарды кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік қолдау құралдары туралы ақпараттандырып, мемлекеттік бағдарламалар туралы, жеңілдетілген несиелер және қаржы институттарымен жұмыс жасау жайында 907 адамға кеңес берілген.
Сервистік қолдау бойынша 180 кәсіпкер «Бухгалтерлік және салықтық есеп жүргізуге, сондай ақ статистикалық есептілікті жасауға байланысты» атты қызмет түрін алған.
Тұрғындарды бизнестің негіздеріне оқытып-үйрету шаралары «Бизнестің жол картасы-2020» және «Нәтижелі жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021» бағдарламары шеңберінде «Бизнес-кеңесші», «Іскерлік қатынастар» және «Бастау Бизнес» жобалары бойынша жүзеге асырылуда.
«Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша ауданда 9 ай ішінде 141 адам оқытылған.
Мұнымен қатар, шиелілік кәсіпкерлер «Іскерлік қатынастар» компоненті бойынша белсенділік танытып, қатысуға 11 өтініш түскен. Нәтижесінде «Ақсерен бала бақша яслиі» ЖШС директоры Н.Әбубәкірова мен «Ақсәуле» ЖК басшысының орынбасары Г.Абдулхамит Алматы қаласында өткен кәсіпкерлікті дамыту бағытында 2 апталық оқу курсына қатысып, біліктілігін жетілдірген.
Ал «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» екінші бағыты бойынша осы жылы Шиелі ауданында 202 адамды «Бастау Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған.
Бүгінгі күнге дейін 4 топта 135 азамат оқытылып, сертификаттарын алды. Қазір бесінші топта 49 адам оқытылуда.