ҚОРҚЫТ МҰРАСЫ МӘҢГІЛІК БАЙЛЫҒЫМЫЗ
Қызылордада түркі тілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты дәстүрлі фольклорлық музыкалық өнер фестивалі өтуде. Оған Ұлыбритания, Түркия, Ресей, Беларусь, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Қазақстанан 80 жуық өнерпаздар мен фольклортанушы ғалымдар қатысуда.
«Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты дәстүрлі фольклорлық музыкалық өнер фестивалі үш жылда бір рет Қызылорда облысында өткізіліп келеді. Оған Қазақстан мен алыс және жақын шетелден өнерпаздар қатысады.
Фестиваль аясында «Қорқыт ата мұрасы: эпикалық мәдениет, халық аңыз- әңгімелері және әуендері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтті. Пленарлық отырыста облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сөз сөйледі.
«Ел Президентінің қолдауымен Қызылорда облысы әкімдігі және Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымымен бірлесе төртінші рет «Қорқыт және Ұлы Дала» атты дәстүрлі фольклорлық музыкалық өнер фестивалі ұйымдастырылуда. Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті Н.Ә.Назарбаевтың интеграциялық бастамалары нәтижесінде шет мемлекеттермен достық қатынасымыз нығаюда», - деді Қырымбек Көшербаев. Сонымен қатар, конференцияға белсенді қатысып, мен ұлы ойшыл Қорқыт бабаға құрмет танытып келген жандарға алғысын білдірді.
Сонымен бірге, фестивальге қатысушыларды «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов және Қазақстанның халық әртісі, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің ректоры Айман Мұсаходжаева құттықтады.
Түркия, Беларусь, Ұлыбритания, Қырғызстан және Әзербайжан елдерінен келген ғалымдар музыкалық өнердің дамуы және Қорқыт шығармашылығының әлемдік музыка мәдениетіне қосқан үлесі туралы баяндамаларын оқыды.
Фестиваль аясында конференция, шеберлік сабақтары, Қармақшы ауданындағы Қорқыт Ата мемориалды кешеніне сапар және Иран Ғайыптың «Қорқыттың көрі» спектаклінің көрсетілімі өткізіліп, бағдарламасы гала-концертпен қорытындыланады.