КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖАЙЛЫ АЙТЫЛДЫ
Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен «Кәсіпкерлермен бірге жарқын болашаққа» тақырыбында мемлекеттік ұйымдардың қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді.
Дөңгелек үстел жұмысын ашқан судья Қ.Бержанов кіріспе сөзінде қысқаша мәліметке тоқталып, қазіргі таңда кәмелетке толмағандардың заңсыз жұмысқа орналасу, түнгі уақытта үй жайдан тыс жерде жүру, оларға темекі, арақ бұйымдары сатылу фактілері көбейіп бара жатқанын атап өтті.
Шара барысында Қызылорда облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы Ж.Сүгірбаева «Халықты жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту» тақырыбында хабарлама жасады.
Еңбек саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Н.Жапақов кәмелетке толмаған жасөспірімдерді заңсыз жұмысқа алу фактілеріне тоқталып өтті.
Ары қарай дөңгелек үстел басында пікірталас өрбіп, онда кәмелетке толмағандарды жұмысқа тарту тәртібін бір жолға қою мәселесі айтылды. Жеке кәсіпкерлер тарапынан еңбек заңнамасы сақталмайтындықтан, буклеттер жасап, кәсіпкерлер палатасына тарату ұсынылды.
Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, судья Қ.Бержанов қатысушыларға алғысын білдіріп, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғаудың маңыздылығын атап көрсетті.