ШТАБ ОТЫРЫСЫНДА ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Қызылордада облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен жылу маусымына байланысты облыстық штабтың отырысы болып өтті, онда коммуналдық қызметтердің қысқа әзірлігі пысықталды.
Қызылорда облысы ТЖД хабарлағандай, отырыста облыстық құрылымдық бөлімшелер басшылары тарапынан денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарының әзірлігі жайлы есеп берілді. Ағымдағы жылдың 1 қазанына дейін әлеуметтік нысандарға отын жеткізу жоспарланып отыр, жылу беру маусымына қажетті құжаттар қабылдануда.
Мәжіліс барысында Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Омар Бержанов аймақ басшысынан қысқы маусымда облыстағы барлық авариялық қызметтердің жоғары дайындығын қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар алды.
Мәжіліс қорытындысында төтенше жағдайларды болдырмау үшін қажетті шараларды ұйымдастыру жайлы аудан әкімдеріне, мекемелер мен кәсіпорындар басшыларына тапсырмалар берілді.