«МИРАС» ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
«Нұр Отан» партиясының Қызылорда облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтіп, онда қазақ алфавитін латын қарпіне көшіру және әліпбидің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері талқыланды.
Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев төрағалық еткен жиынға кеңес мүшелерімен бірге мемлекеттік және ҮЕҰ өкілдері, тіл мамандары мен белсенді жастар қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жеңіс Сәдуақасұлы хабарлама жасап, латын графикасына өту келешегіміз үшін керек екендігін тілге тиек етті.
– Кез келген елдің тәуелсіздігін айқындайтын мемлекеттік нышандары болса, соның бір төл әліпбиі болуы қажет. Бұл егемендігіміз бен елдігімізді айғақтайтын белгілердің бірі болмақ, – деді ғалым.
Кеңес мүшесі, «Сыр медиа» ЖШС директорының орынбасары Қуат Шарабидинов бүгінгідей жаһандану заманында жаңа әліпбиге көшу аса қиындық тудыра қойматындығын айтты.
– Архив деректеріне үңілсек, латыннан кириллицаға көшер кезде екеуі де қатар қолданылғанын байқауға болады. «Ленин жолы» газетінің 1941 жылдың басындағы нөмірлерінде «Жаңа әліппені оқып үйренейік», «Жаңа алфавитке көшу жолында» деген мақалалар басылған. Демек, мұндай жауапты жұмыстағы тәжірибелер пайдасын көрсетеді. Бұған қоса, ғылым мен техниканың дамуы өмір ағысына ілесу үшін жан-жақты болуды алға тартып отыр, – деді ол.
Кеңес мүшелері талқылаулар қорытындысы бойынша жинақталған ұсыныстарды тиісті органдарға жолдауға шешім қабылдады.