ЕРТЕҢ БАЙҚОҢЫРДАН «ПРОТОН-М» ЗЫМЫРАН ТАСЫҒЫШЫ ҰШАДЫ
Ертең Астана уақыты бойынша сағат 00:52-де «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ауыр класты «Протон-М» зымыран тасығышпен «АзиаСат-9» ғарыш аппаратын ұшыру жоспарланып отыр.
«Бриз-М» үдеткіш блогы бар «Протон-М» зымыран тасығыш «Байқоңыр» ғарыш айлағының 200 алаңындағы №39 ұшыру қондырғысынан ғарышқа аттанады.
«АзиаСат-9» телекоммуникациялық ғарыш аппаратын «Asiasat» (Гонконг) компаниясының тапсырысы бойынша «SpaceSystemsLoral» (АҚШ) фирмасы әзірлеген. Ғарыштық аппарат Азия-Тынық мұхит аймағының аумағында теледидар және телекоммуникациялық саласында қызметтерді көрсетуге арналады.
Естеріңізге сала кетейік, ғарыш аппараттарын ұшырудың бекітілген жоспарына сәйкес «Байқоңыр» ғарыш айлағынан осы жылғы 12 қыркүйекте «Амазонас-5» ғарыштық аппараты бар «Протон-М» зымыран тасығышы, ал 13 қыркүйекте «Союз МС-06» транспорттық басқарылатын кемесі бар «Союз-ФГ» зымыран тасығыштың ұшырылуы сәтті өтті.
mdai.gov.kz