ҚЫЗЫЛОРДАДА «А» КОРПУСЫНЫҢ КАДРЛЫҚ РЕЗЕРВІНЕ ҮМІТКЕРЛЕР ҮШІН СЕМИНАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Бүгін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Өңірлік оқу орталығының базасында «А» корпусының кадрлық резервіне үміткерлер үшін үш күндік семинар басталды.
Үш күн оқуда сарапшылар мен білікті мамандар «А» корпусының кадрлық резервіне үміткерлерге Қазақстан Республикасының заңнамалары бойынша дәріс береді.
Семинардың ашылуында департамент басшысы Абзал Мұхимов мемлекеттік саясаттың іске асырылуына жауапты кәсіби басқарушылар үшін мұндай шаралардың берері мол екендігін жеткізді.
«А» корпусының кадрлық резервіне үміткерлерді іріктеу тәртібінің ережелеріне сәйкес құжаттарды қабылдау осы жылдың 4-15 қыркүйек аралығында өткізілді. Бұдан кейін, үміткерлер Қазақстан Республикасының заңнамасын білуі және жеке басының қасиеттерін бағалау, логика, ҚАЗТЕСТ бойынша тестілеуден өтеді. Тестілеу қорытындысы бойынша өңірлік кадр комиссиясында және ұлттық комиссияда әңгімелесу өткізіледі.
Департаментке «А» корпусының кадрлық резервіне іріктеуге қатысу үшін 17 адамнан өтініш түсті. Құжаттарды қарау қорытындысымен 13 үміткер белгіленген арнайы біліктілік талаптарына, «ҚР Мемлекеттік қызметі туралы» Заң талаптарына сәйкес тестілеуге рұқсат алды.