МАҢЫЗДЫ МІНДЕТТІҢ МӘНІН ТҮСІНДІРУ ЖАЙЛЫ АЙТЫЛДЫ
«Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Денсаулық – адам үшін баға жетпес байлық» тақырыбында медицина мамандарымен кездесу өтті.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақ¬тандыруды талқылау, насихаттауға арналған шараға «Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов, партия ардагері Сағындық Шәмшиев, партия белсендісі Тұрар Сыздықов, Қызылорда қалалық аурухананың бас дәрігері Бауыржан Төлегенұлы қатысты.
Жиын барысында«Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов азаматтардың еңбек және тұрмыс жағдайын жақсарту, аурудың алдын алу, халыққа тегін, жалпыға бірдей жоғары дәрежедегі мамандандырылған медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету жетекші партияның маңызды міндеттерінің бірі екендігін жеткізіп, бұл құндылықтар ата заңымыз Конституцияда ерекше көрсетілгенін атап өтті.
Медицина саласының ардагері Сағындық Шәмшиев міндеті медициналық сақтандырудың азаматтар үшін маңыздылығын атап, көрсетілетін көмек түрлеріне тоқталды.
- Сақтандырудың екі түрі бар. Біріншісі – республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірген көлемін ұсынатын базалық пакет. Ол барлық азаматтар үшін қолжетімді болмақ. Оған жедел жәрдем қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызды ауруларға, сондай-ақ төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көр¬сетілетін медициналық көмектер кіреді. Екіншісі – жаңадан құрылатын меди¬циналық сақтандыру қоры ұсынатын сақтандыру пакеті. Бұл ақылы түрде болатын болғандықтан оған, амбулаторлық-емханалық және стационарлық көмек, медициналық реабилитация, мейірбикелік қарау мен жоғары технологиялық көмектерді кіргізу қаралып отыр, – деді ол.
Шара соңында сөз алған Қызылорда қалалық аурухананың бас дәрігері Бауыржан Төлегенұлы аталмыш заңның әрбір қазақстан¬дыққа қатысты екенін айтып, тек оны халыққа түсінікті тілмен жеткізу қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ жиылғандарды Елбасының бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді бірлесе жүзеге асыруға шақырды.