АЙ МЕН МАРСТАН АДАМҒА ТҰРАҚ ТАБЫЛДЫ
Италиядағы Падуя мен Болонья университеттерінің ғалымдары Ай мен Марс бетінен адам тұрақтауға лайық орын тапты. Бұл туралы еуропалық астофизиктердің ресми сайты Europlanet -ке сілтеме жасаған https://ria.ru/ хабарлайды.
Мамандар мұндай тұжырымға ғарыштық денелердің рельефін зерттеуден кейін келген көрінеді. Олардың айтуынша Ай мен Марстағы «лавалық түтікшелер» мен үңгірлер адамдарға баспана болуға әбден жарайды.
Бұлар адамдарды ғарыштық сәуле мен микрометеориттер ағынынан қорғайды, деп есептейді ғалымдар.
"Лавалық түтікшелер" — отты-сұйық балқыманың әртүрлі болып қатуынан пайда болады. Уақыт өте келе олардың жоғары қабаты монолитке, іші қуысқа айналады. Ғалымдардың дерегінше мұндай қуыстардың ұзындығы 65 шақырымға дейін жететін көрінеді.