ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАРДА 34 МЕДАЛЬ!
Атырау қаласында мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында өткен ҚР V Спартакиадасында қызылордалық спортшылар 34 жүлде иеленді. Айтулы сында жерлестеріміз 13 алтын, 13 күміс, 8 қола медальдарды жеңіп алды.
Атап айтсақ, жеңіл атлетикадан Ислам Салимов 200, 400 метр ара қашықтыққа жүгіруден және ұзындыққа секіруден 3 алтын жүлдені иеленді. Еламан Жоламан найза лақтырудан 1-орын, ядро итеру және диск лақтырудан 2-орынға ие болды. Қолғанат Бақберген найза лақтырудан күміс, диск лақтырудан және ұзындыққа секіруден қола жүлделерге қол жеткізді. Эрик Қасқабаев диск, найза лақтырудан және ядро итеруден үш күміс жүлдені еншіледі. Мейіржан Машат 200, 400 және 800 метр ара қашықтыққа жүгіруден үш алтынды иеленсе, Бағдат Елібаев 100, 200 метр ара қашықтыққа жүгіруден бірінші болып келді. Ал ядро итеруден қола жүлде бұйырды. Әсел Қозбағарова найза лақтырудан үшінші, диск лақтыру мен ядро итеруден екінші орын тұғырына шықты. 800 және 1500 метр ара қашықтыққа жүгірген Ержан Қуандықовқа күміс жүлде бұйырды.
Пауэрлифтингтен жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте екінші орынды еншіледі. Жекелей сында Кабира Асқарова (50 келі), Айгүл Байжанова (79 келі) және Ләззат Жақыповалар (86 келі) Қазақстан спартакиадасының жеңімпазы атанса, Алтынкүл Иманбаева (50 келі) мен Ерболат Әлімбетов (54 келі) 2-орын алды. Қуаныш Әлиасқаров (49 келі) пен Қуаныш Амангелдиев (65 келі) 3-орыннан көрінді.
Волейболдан облыс құрамасы жалпы командалық есепте күміс жүлдегер атанды. Команда құрамында Шыңғыс Медеуов, Омар Тұрманов, Дәурен Ахметов, Самат Әуезов, Бейбіт Кейкиев, Алмат Манабаев, Асанәлі Жолдасбек, Эрик Қасқабаевтар өнер көрсетті.
Тоғызқұмалақтан облыс құрамасы бірінші орынға шықты. Команда құрамында Кенбай Қарашаев, Бақытжан Әлиасқаров, Мадина Нұрсейіттер шеберлік байқасты.
Парадзюдодан Олжас Оразалыұлы (60 келі) 2-орын, Дәулет Жүнісов (60 келі) пен Бағдат Қажендер (66 келі) 3-орындарды еншіледі.
Қызылорда облысының командасын жарысқа жеңіл атлетикадан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, облыстық паралимпиада комитетінің атқарушы директоры Юрий Мощеев және спорт түрлерінен Эрик Қасқабаев, Бақытбек Рысбаев, Кенбай Қарашаев, Руслан Беркімбайлар дайындады.