ҚАЗАЛЫ ҚАЛАСЫНЫҢ 150 ЖЫЛДЫҒЫ ӨТЕДІ
Уездің орталығы болған Қазалының қала мәртебесін алғанына 150 жыл толу мерейтойы аясында шаһарды абаттандыру жұмыстарына 434,3 млн. теңге бөлінді. Оған жастар алаңы салынып, ардагерлер алаңы абаттандырылуда. Қаланың 6 көшесіне түнгі жарықшамдар орнатылды. 5 көше асфальттанып, 4 көшеге бордюрлар мен жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Тағы 5 көшеге шағыл тас төселуде. Бұдан бөлек, қаладағы спорт мектебінің ғимараты жөнделіп, айналасын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Мерейтой күні аймақтық термешілер сайысы, ғылыми-тәжірибелік конференция, Ретро фестиваль мен гала концерт ұйымдастырылады.
Айта кетейік, Қазалы бекетінен оңтүстікке қарай 12 шақырым жерде Сырдарияның оң жағына орналасқан Қазалы қаласы ең алғаш 1847 жылы Қазалы форты болып негізін қалады. 1853 жылы №1 форт деп аталатын әскери бекініс құрылды. 1867 жылдан кейін қала мәртебесін алды.