ҚЫЗЫЛОРДАДА ӘККІ ҰРЫ ҰСТАЛДЫ
Қызылордалық полиция қызметкерлері 4 миллионнан аса теңгенің бағалы бұйымдарын ұрлаған әккі ұрыны қолға түсірді. Бұл туралы қалалық ІІБ баспасөз қызметі хабарлап отыр.
24 тамыз күні 9.00 – 18.00 уақыт шамасында белгісіз біреудің Қызылорда қаласы тұрғынының үйіне пластик терезесін күштеп ашып кіріп, жатын бөлмесіндегі алтын бұйымдарын ұрлап кеткені белгілі болды. Нәтижесінде қала тұрғынына 2 млн. 654 мың теңге материалдық залал келтірілген. Жедел-іздестіру шаралары кезінде Қызылорда қаласының 33 жастағы тұрғыны анықталып, ол уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
Тергеу жұмыстары барысында ұсталған азаматтың тағы 2 ұрлыққа қатыстылығы анықталды. Бірінде алтын бұйымдарды ұрлап, 153 мың теңге шығын келтірілсе, енді бірінде алтын, бриллиант әшекейлермен қатар Iphone 5 маркалы ұялы телефонның 2 данасын қолды қылып, 1 млн. 630 мың теңге көлемінде шығын келтірілген.
Аталған дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігімен (Ірі мөлшерде жасалған ұрлық) тіркелді. Оның басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізілуде.